«ЗАҢДЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ» ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК-ІСКЕРЛІК СЕМИНАР

2018 жылдың 10 желтоқсан күні  Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің жоспарына сәйкес, Атырау агралы-техникалық колледжінің базасында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқық негіздері пәні оқытушылары арасында облыстық әдістемелік-іскерлік семинары  өткізілді.

Семинардың мақсаты: Құқық негіздері пәні оқытушыларының тиімді педагогикалық әрекетке қабілеттілігін, ұдайы кәсіби өсу дайындығын,  әлеуметтік және кәсіби мобильдігін қалыптастыру мен дамытудың өзекті мәселелерін әдістемелік ұйымдастыру барысындағы идеяларымен бөлісу, шығармашылық байланыс қалыптастыру және өзара тәжірибе алмасу.

Адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және адам құқықтарын қорғау бойынша ұлттық жүйесін нығайтуында Бес институционалдық реформалар мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жыл толуына  орай және 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күнімен тұспа-тұс келген бұл шарада Атырау аграрлы-техникалық колледжінің құқық негіздері пәні оқытушысы А.Д.Сқақова «Құқық қорғау органдары» тақырыбында ашық сабақ берді. Сто  технологиясы бойынша 3с1 оқу тобына өткізілген сабаққа  Атырау қалалық әділет басқармасының басшысы А.С.Қадралиев қатысып,әділет органы қызметі туралы толық ақпарат берді.

Елбасымыздың«Ұлы даланың жеті  қыры»мақаласын басшылыққа  ала отырып, «Мемлекет,құқық және заң» тақырыбында 2 курс студенттері арасында тәрбиелік шара өткізілді. Қазақ құқығының пайда болу тарихынан, қазақ хандығы тұсында қабылданған зандар туралы  толық ақпарат берілді. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғы заңдары бойынша «Қазақ хандары», «Қазақ билері» ауылдары көрініс көрсетіп, әр заңның өз ерекшелігіне тоқталды.

Сонымен қатар, семинарда облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары «Адам құқықтарын сақтау-демократияның маңызды көрсеткіші», «Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдары», «Құқықтық сауаттылық-заман талабы», «Адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтары», «ҚР адам және азаматтың құқықтық мәртебесінің негіздері» және тағы басқа да бірнеше тақырыптарда баяндамаларын ұсынып, панорамалық  сабақтарын көрсетті.

Құқықтық мемлекеттің жас ұрпағының бойына заңды құрметтеу, өз құқықтарын білу сияқты дағдыларды қалыптастыратын бұл семинардан оқытушылардың да алары аз болған жоқ. Семинар қорытындысы бойынша қатысқан оқытушыларға сертификаттар табыс етілді.