ОБЛЫСЫМЫЗДА ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰНДАҒЫ 4,9 ЖӘНЕ 10 СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУЛЫҚТАР МЕН ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНДЕРДІ ТАНЫСТЫРУ ЖӘНЕ ТАЛҚЫЛАУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

2018 жылы 16-17 қараша күндері жаңартылған мазмұндағы 4,9 және 10 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді таныстыру және талқылау семинары болып өтті. Семинардың пленарлық отырысы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясының акт залында, ал секциялық жұмыс Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясы мен «Білім-Инновация» лицейінде өткізілді.

Семинарға білім беру басқармасының мамандары, облыстық, аудандық Әдістемелік орталық әдіскерлері, «Өрлеу» АҚ өкілдері, облысымыздың әр пән бойынша бетке ұстар мұғалімдері қатысты. Пленарлық және секциялық отырысқа қатысқан педагогтар саны: 550.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша Атырау облыстық Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығының директоры Қабекенов Ғабит Уапұлы семинардың мақсат-міндетіне тоқтала отырып, оқулық авторларымен, баспа өкілдерімен таныстырып өтті. Сонымен қатар оқулықтарды талдауда  оқулықтың мазмұндық жағына, жалпы құрылымына, оқулықтың мәтініне, тақырыптарға бөлінуінің ретіне,  өмірмен сәйкестілігіне, тілі мен стилінің қазіргі әдеби тіл нормаларына сәйкестігіне, оқулықтағы грамматикалық, орфографиялық, пунктуациялық қателерге, түптелуіне, безендірілуіне назар аударуды тапсырды.

Оқулықтар тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын талқылау жөнінде жалпы нұсқаулар туралы мәселе бойынша «Оқулық» РҒТО директорының орынбасары С.Омаров жекеленген пән оқулықтарын талқылауға қатысты секция модераторларына нұсқау, бағыт-бағдар берді.

Үшінші мәселе бойынша Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА өкілі З.Жумагулова бүгінгі таңда Типтік оқу жоспарының (бұдан әрі –  ТОЖ) варианттылығы туралы түсінік берді. Білім беру ұйымдарында ТОЖ таңдауда мектеп өзінің кадрлық әлеуетіне, оқушылардың ерекшелігіне назар аудару қажеттігіне тоқталды.  Сонымен қатар ТОЖ таңдауда ата-аналардың қамқоршылық  кеңесімен келісу қажеттігіне назар аударды.

Жаңартылған мазмұн оқулықтары – оқушыны дамытудың бірден-бір құралы ретінде қолданылуы туралы мәселе бойынша Атырау қаласы, №17 мектеп-лицейінің мұғалімі А.Білғалиева еліміздегі 30 пилоттық мектебінде өтіп жатырған сынақтың екеуі біздің облысымызда жүріп жатқанын, яғни, Исатай ауданы Мырзағалиев атындағы орта мектебі мен Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінде екенін хабарлады. Жылма-жыл оқулық авторларымен кездесу арқылы пікірлесіп, оқулық бойынша ескертпелер, түзету енгізу арқылы қазіргі таңда оқулықтар сапасы жақсарып келе жатырғанын айтты.

17 қараша күні баспа өкілдері мен авторлардың бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің пән бойынша оқулықтарына талқылау жасалып, секция жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылдады.